Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбеттің төрағалығымен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың қорытындыларын тыңдау бойынша кеңес өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Қорғаныс департаментінің басшысы Қайырбек Қайырқанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және қорғаныс департаментінің басшылығы қатысты.
Кездесу облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының сөзінен басталды, онда ол Агенттік жұмысының негізгі бағыттары, алдын алу жұмысының рөлі туралы айтып берді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хабардар етті.
Кеңес барысында қатысушыларға ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен жергілікті әскери басқару органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындылары, сондай-ақ енгізілген ұсынымдар туралы жеткізілді.
Өз кезегінде Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу нәтижесінде енгізілген ұсынымдарды орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кездесу соңында Ерлан Нағашбайұлы кеңеске қатысушыларға ұсыныстарды сапалы және толық көлемде орындауды, сондай-ақ осы бағыттағы жұмысты бірлесіп жалғастыруды тапсырды. Одан бөлек, барлық қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға шақырды.