ШҚО-да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру бақылауға алынған

836
көрілім
Шартты сурет

Қыркүйек айының 28-і күні облысқа жұмыс сапарымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сапар барысында Антикор төрағасының бірінші орынбасары өңірлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген бірқатар құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, «Гематология орталығы» құрылысының барысымен және Өскемен қаласында салынып жатқан жолдардың құрылысымен танысты. Аталған нысандардың құрылысы өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел бақылауында.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төрағасының бірінші орынбасарының қатысуымен облыс әкімдігінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті.

Аталған кеңес барысында Дмитрий Малахов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірлегенін атап өтті. Картаға процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнамалардағы кемшіліктерге байланысты шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер енген. ШҚО бойынша картаға өңірдің экологиясына, ұзақ салынып жатқан құрылыс нысандарына, бағалы металдарды заңсыз өндіруге, жылыту маусымында көмір тапшылығына, жайылымдық жерлердің тапшылығына қатысты мәселелер кірді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз алдына  міндетті түрде қылмыстық іс қозғауды мақсат етпейтіндігін атап өткім келеді, ең бастысы - бюджет есебінен салынып жатқан нысандар сапалы салынып, белгіленген мерзімде тапсырылса, адамдар уақытында ауыз су алады, сапалы жолмен жүреді, жаңа пәтерлерге кіреді және т.б. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әлсіретпейді, керісінше, бізді алдын-ала әрекет ете отырып, тиімді қызмет етуге бағыттайды», - деп атап өтті Дмитрий Малахов. 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген барлық бағыттар бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың ағымдағы жылдың соңына дейін орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.