ШҚО-да сыбайлас жемқорлық жайлы хабарлаған жандарға төленетін көтерме сыйақы мөлшері белгілі болды

433
көрілім

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпанда №32 қаулысымен бекітілген сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған жандарға тағайындалған көтерме сыйақы жөнінде айтылды. Енді аталмыш қылмыс бойынша құзырлы мекемелерге хабарлаған жандар 4 мың АЕК-ке дейін (10604000 теңге) көтерме сыйақысын ала алады. Жігер Байділдиннің айтуынша, мұндай шаралардың да өзіндік мақсаты бар. Мәселен, осындай сыйақылар тағайындалған соң азаматтық қоғамның белсенділігі артып, парақорлық қылмысының азаюына сеп болмақ.

– Ақпан айының 4-не дейін келтірілген шығын немесе пара мөлшері 1000 АЕК-ке дейін (2651000 теңге) болса, хабарлаған адамға 30-100 АЕК аралығында (250 мың теңгеге дейін) сыйақы төленген болатын. Қазір бұл сома біршама ұлғайды. Нақты айтсақ, қазір алынған пара 1000 АЕК-тен көп болса, берілетін тиісті көтерме сыйақы мөлшері де бекітілді. Енді осыдан былай қылмысты хабарлаған адамға сол келтірілген шығын яки пара мөлшеріненің 10 пайызы төленбек, – дейді Жігер Еркінбекұлы.

Бұл жерде барлық сома көлемі 4000 АЕК-тен асып кетпеуін ескерген жөн.