Синоптиктер жаздың соңғы айына қатысты болжамдарын ұсынып, табиғаттың тосын мінезіне әзір болуға кеңес берді. Себебі, шыжып тұрған күн әп-сәтте жаңбырға ұласып, соңы дауылға айналатындығын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айталық, тамыз туа Өскемен, Риддер қалаларынан бастап, аудандардың көбінде ыстық көп адамның ын-дынын кептіретін түрі бар. Күндіз орташа температура +34+36°С, түнде +22+25°С мөлшерін көрсетеді. Тамыздың 4-іне дейін осы ыстық сақталмақ. Алғашқы онкүндіктің соңына қарай облыс көлемінде сынап бағанасы күндіз +29+31°С-қа дейін төмендеп, шөптің қамына кіріскендер үшін сәл де болса қолайлы температура орнайтын көрінеді.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, тамыздың 10-12 аралығында Тарбағатай, Зайсан аудандарында ыстық жел соғып, болмашы бұлтты иіріп әкетеді. Дегенмен екі ауданға қарасты бірнеше ауылда нөсер жауын сіркіреп, аз уақытта күн ашылып кетуі ықтимал.
Айдың екінші онкүндігінде Күршім, Самар, Ұлан аудандарында күндіз орташа температура +25+27°С, түнде +18+20°С-қа дейін төмендейді. Бірақ аспан ашық, жаңбыр лебі сезілмейді.
Ал Катонқарағай, Үлкен Нарын, Глубокое және Алтай аудандарында таулы өлкелерде арагідік өткінші жаңбыр жауып, термометр күндіз +24+26°С шамасында өзгермек.
Марқакөл аумағында күн ашық. Мамандар айдың үшінші онкүндігінде көкті қабат бұлт торласа да, жаңбырдың жаууы екіталай десті. Қысқасы, ауа райы хабаршылары тамыз айы ашық, жаңбыры аз, температура жоғары болмақ деп болжады.