ШҚО-да тамыз айының ортасында ауа-райы салқындауы мүмкін

899
көрілім

«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамына сенсек, тамыз айындағы күн райы жауын-шашынды болғанымен, ауа температурасы 15-22 градус жылымықты көрсететін көрінеді. Дегенмен түсетін жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан аз болмақ. Танымал метеосайттардың хабарлауынша, күннің қызуы тамыздың тек бастапқы күндерінде ғана байқалады екен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тамыз айының 1-нен 10-на дейінгі кезеңде өңірде ыстық ауа райы сақталып, ауа температурасы 26-дан 35 градусқа дейінгі аралықта ыстық болады. Онкүндіктің соңына қарай ауа райы салқындап, күндіз 20-26, ал түнде 16-22 градустық межені көрсетуі ықтимал.

Айдың бастапқы күндерінде жауын-шашын аз болғанымен, онкүндіктің ортасына қарай жауын жиі жауып, күн күркіреп, найзағай ойнайды.

Екінші онкүндікте орташа ауа температурасы күндіз 25-30, түнде 14-18 градусты көрсетеді. Сонан соң күн күрт салқындап ауа температурасы күндіз 16 градусқа дейін төмендейді. Аспанды бұлт торлап, жауын жаууы мүмкін.

20-31 тамыз аралығында күн қайта ашылып, онкүндіктің көп бөлігі ашық болады. Ауа температурасы 25 градустық деңгейде сақталғанымен салқын күндердің де болуы ықтимал. Тамыз айының соңғы күнінде түнгі уақыттағы ауа температурасы 13-15 градустық межені көрсетпек.