Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында өңірдегі кәсіпорындардың сырт мемлекеттерге тауар тасымалдау мәселесінің жай-жапсары қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Соңғы мәліметтерге сенсек, ауылшаруашылық тауарлары 20-дан астам елге экспортталып, оның ішінде басым көбі Қытай, Ресей Федерациясы, Иран, Германия және Араб елдеріне жөнелтілген. Облыстық ауылшарушылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазянның айтуынша, 2018 жылы құны 302,4 млн. АҚШ доллар болатын өнім экспортталды.
– Былтырғы жылы құны 66,3 миллион АҚШ доллары болатын тауар тасымалданды, яғни 22 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштің аз екені рас, сол себепті жүйелі жұмыстар атқаруды тоқтатпау керек. Оның ішінде қайта өңдеу саласына ден қойған абзал. Өткен жылы ауылшаруашылығы тауарларын Ресей, Қытай, Ауғанстан, Оңтүстік Корея сынды елдерге тасымалдағанбыз. Ал осы жылдың бірінші жарты жылдығында құны 156,3 миллион АҚШ доллары болатын тауар экспортталды, – дейді жауапты тұлға.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов аталған көрсеткіштерді ескере келе, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жүгері, бидай және соя сынды дақылдарды өсіруге тапсырма берді. Өзге шаруашылықтарға қарағанда тап осы бағытта жүйелі жұмыстар атқару – аталған экспорт мәселесіне айтарлықтай ықпалын тигізбек. Өңір басшысы көктемгі егіс науқаны кезінде ұсақ-түйек мәселелерді бүге-шігесіне дейін қадағалап, кейін алынған өнімді Қытай еліне тасымалдауға болатынын баса айтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ