ШҚО-да Тәуелсіздік күні қарсаңында Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды

313
көрілім

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белсенді ұзақ өмір орталығы Первомайский арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында ашылды. Онда келген зейнеткерлер денсаулығын жақсартып, бос уақытын тиімді өткізеді. Мұнда сегіз мамандандырылған кабинет, атап айтқанда еңбек терапиясы, емдік-сауықтыру дене шынықтыру кабинеттері бар. Сондай-ақ демалыс және массаж бөлмелері, акт залы да қарастырылған.

 

«Орталықтағы кабинеттер жиһазбен, мамандандырылған жабдықпен толықтай қамтамасыз етілген. Сапалы қызмет көрсету үшін қосымша жұмыс орындары құрылатын болады. Орталыққа келушілер үшін күніне екі рет тамақтану ұйымдастырылмақ. Жылына Белсенді ұзақ өмір орталығы 90-ға жуық адамды қабылдай алады», - деп хабарлады Шемонаиха ауданы Певромайский кентінің әкімдігі.

Орталықтың салтанатты ашылуы барысында ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Ол мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін атап өтті.