Шығыс Қазақстан облысында тәуелсіздіктің 30 жылында 150-ге жуық мектеп бой көтерген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы отыз жылда өңірде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 30 есеге, сыртқы тауар айналымының көлемі тоғыз есеге артып, шаһарды дамытуға 5,3 триллион теңге инвестиция тартылды.
Сондай-ақ 278 балабақша мен 147 мектеп салынды. Нәтижесінде, үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай шешімін тапқан. 450-ден астам спорт, 99 денсаулық сақтау және 18 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Сегіз миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 88 мыңнан астам шығысқазақстандық баспаналы болды.
«Осындай өркениетті елде тұратынымды мақтан тұтамын. Білім саласында 46 жыл, оның ішінде 30 жыл балалар үйінде еңбек еттім. Ел көргенді бірге көрдік, ұрпақ өсірдік. Баршаңызды осы айтулы мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміз гүлдене берсін», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Мария Бейсеқанова.