Шығыс Қазақстанда тірек ауылдарды дамыту жөніндегі жоба таныстырылды. Құжат бойынша, жақын жылдары тірек ауылдардың бірқатарына су тартылып, кейбірінің аумағындағы бір қабатты үйлер абаттандырылмақ көрінеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өңірімізде тірек ауылдардың тізімі бекітіліп, 31 ауыл енгізілді. Ол ауылдар қатарына Ұлан ауданының Таврия және Бозанбай, Катонқарағай ауданының Алтынбел, Катонқарағай, Өрел, Көкпекті ауданының Преображенка, Самар, ал Күршім ауданының Марқакөл және Боран ауылдары кірді.
Өңірдің 2020 жылдарға дейінгі даму бағдарламасы бойынша оларда көлемді жұмыстар жүргізілмек. Ауылдар бір уақытта бірнеше бағытта дамымақ. Атап айтсақ, сумен қамтамасыз ету нысандарын, жолдар мен көпірлерді жөндеу, жарықтандыру, көгалдандыру және Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жұмыстарын жүргізу, алайда барлығы бірден болмайды.
Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы 2017 жылы тірек ауылдарда қазірдің өзінде 126 жобаның іске асып жатқанын хабарлады. Олардың қатарында Таскескен-Бақты, Мақаншы-Жалаңашкөл, Теректі-Ұранхай-Төсқайың автомобиль жолдарының жөнделуі бар. Сонымен қатар, ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Атап айтсақ, ауызсумен Күршім ауданының Боран, Зайсан ауданының Қаратал және басқа елді мекендері қамтамасыз етілмек.
– 2018-2019 жылдары Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы 30 тұрғын үйдің инженерлік жүйелері тартылып, абаттандырылады, – деді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев. – Зайсан ауданының Қаратал ауылында балабақша салып, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту жоспарда бар.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Күршім ауданындағы Боран ауылының тұрғындары ауызсумен қамтамасыз ету басты назарда тұр.