Аймақта титан-магний өнімдерінен шығатын қалдықтарды өңдеу технологиясын іске асыру мақсатында бірқатар зертханалық сынақтар жасалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, титан өнімдерін шығару барысында екі технология жүзеге асырылған. Соның бірі – шиберлі ысырманың ілгекті элементін титанмен қаптау.
– Титаннан жасалған бекітпе дроссельді дайындау және жобалау бойынша қосымша жұмыстар атқарылды. Бұйымдар номенклатурасын кеңейту бойынша маркетингілік зерттеулер де жүргізілуде. Мұның барлығы да титан қорытпасы мұнай-газ өндірісіне қатысты болып отыр, – дейді Жасұлан Құдайбергенұлы.
Одан бөлек, тантал мен ниобиден медициналық қондырым өнімдері технологиясын іске асыру бойынша табанды жұмыстар атқарылып жатыр. ШҚМТУ-да толық циклді тәжірибелік-өндірістік учаске құрылған. Маңыздысы сол, отандық нарықта ерекше сұранысқа ие қондырымдар тізбесін анықтап, маркетингілік зерттеулер де жүргізілуде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ