Жобалық құжатсыз демалыс үйлерін тұрғызған компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірдегі танымал туристік аймақтарда, оның ішінде Риддер қаласы, Катонқарағай, Ұлан, Алтай және Самар аудандарында демалыс базалары тоқтаусыз салынуда. Дегенмен, барлық компания заң шеңберінде жұмыс істеп жатыр деуге келмейді. Жыл басынан бері осындай төрт ұйым анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды.
- Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерін өткізу ережелеріне сәйкес нысан салу жер учаскесіне тиісті құқық негізінде рұқсат етіледі. Яғни, жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыс алаңының функционалдық мақсатына сәйкес келуі керек. Сондай-ақ құрылыс жүргізу үшін бірнеше ережені ескеру қажет: жобаны әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу, алдын ала жобаны әзірлеу және бекіту, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алу, тиісті лицензиясы бар мердігермен нысан құрылысын қамтамасыз ету, объектіні авторлық-техникалық қадағалаумен қамтамасыз ету, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлау, құрылыс соңында салынған нысанды қабылдап, оны пайдалануға беру, - деді мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы Самат Каирдинов.
Айта кету керек, құқықтық нормаларды бұзғаны үшін 10-1400 АЕК аралығында айыппұл салуды көздейтін әкімшілік жауапкершілік бар. Кей жағдайда қосымша санкциялар салынуы да ықтимал. Ал заңсыз тұрғызылған нысанды құрылыс жұмыстарын жүргізген компания қайта бұзуы керек.