Семей қалалық Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне жол-көлік оқиғасы салдарынан залал келтірген 51 жастағы борышкерге іздеу жариялау туралы жеке сот орындаушысының қаулысы түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, ер адам 2019 жылы шаруа қожалығында трактор жүргізушісі болып жұмыс істеген. Мас күйінде жол-көлік оқиғасына түсіп, 500 000 теңгеден астам материалдық шығын келтірсе де үш жыл бойы төлемей қашып жүрген.
Ақыры күтіп шаршаған зардап шегуші былтыр борышкерден ақша өндіріп алу үшін сотқа жүгінуге шешім қабылдады.
- Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметіндегілер қысқа мерзім ішінде тәртіп бұзушының тұрған жерін анықтаған. Мәлім боғандай, ер адам Семейден Павлодар облысына көшіп кетіп, жеке кәсіпкердің қоластында жұмыс істеп жүрген, - деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Енді қарызды өндіріп алумен жеке сот орындаушылары айналысады.