Өңірде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай оқушылар арасында Бірыңғай диктант күні өтті. Интерактивті шараға биыл 8 сынып оқушылары алғаш рет қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстанда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізу, сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін оқыту стандарттарын жаңарту шеңберінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған «Бірыңғай диктант күні» өтті. Диктант жазуға облыстың 336 мектебінің 8 сынып оқушылары қатысты. Балалар үш тілдегі аудиожазбаларды тыңдап барып тест сұрақтарына жауап берді.
– Аудиолар ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде болды. Сұрақтар үш тақырыпта әзірленген, атап айтқанда «Елбасы жолы», «Еуразия жүрегінде», «Kazakhstan-The Land of Wonders». Балалардың компьютерлік сауаттылығы, күрделі мәтіндерді түсінуі және оларды түсіндіруі, белгілі бір тапсырманы орындау қабілеттілігі тексерілді. Нәтижесінде оқушылардың бойында ұқыптылық, нәтижелерге сыни тұрғыдан қарау және еркін ойлай білу сынды қабілеттер дамиды. Осының барлығы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың негізгі индикаторлары. Ақпараттық сауаттылық балалардың мәтінді ақпаратпен жұмыс істей білуін қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді, - деп хабарлады өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының мамандары.
Облыстың сегізінші сынып оқушылары жақсы нәтиже көрсетті, атап айтқанда функционалдық сауаттылық бойынша білім сапасы 88%-ды, ақпараттық сауаттылық бойынша 92% -ды құрады. Айта кетейік, жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Мұндай диктанттар Қазақстан Республикасының атаулы күндеріне арналған күнтізбелік іс-шаралар қарсаңында өткізіледі.
Бүгінгі таңда 50 интерактивті диктант өткізіліп, оған 48 мыңнан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша 12,5 мыңнан астам оқушыны қамтитын 80 тестілеу өтті. Қашықтан оқыту кезінде жобаны пайдаланудың негізгі артықшылығы оқушылардың білім сапасына мониторинг жүргізу ғана емес, сондай-ақ материалды өз бетінше зерттеу және білімді тексеру үшін платформа құрудың мүмкіндігі. Нәтижені диктант немесе пәндік тесттен кейін бірден білуге болады. Арнайы бағдарлама қателіктер жіберілген бағалар мен тақырыптардан бөлек әр оқушыға жеке ұсыныстар мен тапсырмалар береді.