ШҚО-да тұрғындардың шөптері өртенуде

416
көрілім

ШҚО ТЖД мамандары тұрғындардың малға дайындаған жем-шөбі отқа орану жағдайлары жиілегенін айтуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жарма ауданы, Бірлік ауылдық округінің «Ақ бұзау» учаскесінде 5 қазан күні сағат 19:55-те 20 гектар аумақтағы құрғақ шөп пен қысқа әзірлеген 54 тонна пішенді тілсіз жау жалмап өтті.

Өрт ошағын сөндіруде төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ауылдық округ тұрғындарынан құрылған еріктілер көмектесті. Жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төнбеді, зардап шеккендер жоқ. Өрт толығымен 20:48-де ауыздықталды.

Дәл осы күні Күршім ауданындағы «5-я бригада» учаскесінде 20 гектар жер мен 3 тонна шөп от құрсауында қалды. Тек екі жарым сағаттан кейін жалын күшін басуға мүмкіншілік туды.

6 қазан күні Көкпекті ауданының Қарөткел ауылында жер үй аумағында 258 тонна шөп жанған. Өрт сөндірушілер бес сағаттық арпалыстан кейін толығымен өшірді. Зардап шеккен адам болмады.

Өртеніп кетудің негізгі себебі – тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамауынан.

Құтқарушылар ауыл адамдары мен шаруа қожалықтарының басшыларын тағы да ескертеді:

– пішен қора жанғыш қоқыстан тазартылып, суға жақын жерде орналасқаны жөн;

– шөп үйіндісінің электр сымдарынан–15 метр, жол шетінен–20 метр, ғимараттар мен құрылыс орнынан 50 метр қашықтықта болуы тиіс;

– шөпті қораның үстіне, үй жанына маяламаған дұрыс.