ШҚО-да ҰБТ тапсырудың талаптары қандай?

411
көрілім
Шартты фотосурет

Мамыр айының 21-нен бастап еліміздегі жоғарғы оқу орындарында алғашқы тестілеулер басталады. Биыл бар назар түлектердің тәртібіне ғана емес, санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздіктеріне де аударылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қауіпсіздік

Осы жылы ҰБТ тапсыруға 131 755 түлек өтініш білдірген. Бірыңғай Ұлттық Тестілеу маусым айының 21-і мен шілденің 5-і аралығында 161 пунктте өтпек. Төртінші тоқсан қашықтан оқыту арқылы өткенімен емтихан талабы бұрынғыдай. Қатты өзгерістер болмағанымен тестілеуді өткізудегі санитарлық талаптарға ғана қатысты өзгешеліктер сақталған. ҚР Білім және ғылым Министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов әр емтихан тапсырушының медициналық-санитарлық тексерістің бес кезеңінен өтетіндігін жеткізді. Арнайы орында тест тапсырушылардың киімі, қолы мен аяқ киімдері тиісті ерітінді арқылы тазартылмақ. Одан кейін ыстығын өлшейді. Егер дене қызуы жоғары болса онда тестілеу пунктінде кезекшілікте тұрған дәрігерлерлік бригаданың көмегіне жүгінеді. Барлық кабинеттердің есіктері ашық күйінде қалып, емтихан тапсырушылардың арақашықтық тәртібінің сақталуы қатаң бақылауға алынбақ. Мәлім болғандай, ҰБТ тапсырушылар тестілеу пунктінде берілетін медициналық маска мен респираторлар киіп, тиісті тапсырмаларын орындайды. Түлектер емтихан тапсыру кезінде бір-бірлерінен екі метр қашықтықта отырады. Оған қоса, биыл ата-аналар университет ауласында тұрып, үйлерінде онлайн-тәртіпте отырып тақым қысулары тиіс. Тәртіп сондай.

– Адамдардың бір аумаққа үймеленіп, топталуын болдырмай, карантин талаптарын сақтау үшін ата-аналардың ҰБТ болып жатқан аумаққа келулеріне және сол жерде күтіп тұруларына тыйым салынды, – дейді Дидар Смағұлов. – Осы үшін жергілікті атқарушы органдардың жұмылдыруымен түлектердік ҰБТ алаңына апарып, алып келу ұйымдастыру қолға алынады. Ал тестілеу пункттерінің аумағында құқық қорғау қызметкерлері қоршай күзетпек. Ал ҰБТ кезіндегі екінші өзгеріс тестілеудің нәтижесі хақында. Емтиханға берілетін уақыт төрт сағатқа дейін созылады.

Десе де тапсырушылардың тәртібіне қойылатын талап та күшейтілмек. Егер сынаққа кірерде кімнен болсын смартфон немесе шпаргалка табылса, онда ол биыл еліміздегі ЖОО-ларға тапсыру құқығынан айырылады.

– Егер тест тапсырушы металіздегішке келгенде тыйым салынған заттармен ұсталса, оның нәтижесі жоққа шығарылып, тестілеуге жіберілмейді және биыл қайта тапсыра алмайды. Емтиханға кірерде оған барлық талаптармен мұқият танысып шығуға кеңес береміз. Сосын ол тестілеу талаптарымен таныс болса, қол қойып, сынаққа жіберіледі, – деді Дидар Смағұлов.

Әдеттегідей бейнебақылаулар бастан аяқ қосылып тұрады. Тестілеу біткен соң бейнематериалды қарап, сынақтық дұрыс өткендегінеді көз жеткізеді. Егер тәртіп бұзған түлек көзге шалынса, онда алған сертификаттарымен қош айтысуға тура келеді.

– Бейнематериалдарды тамыз айының 25-не дейін қарауға құқылымыз, – деді жауапты тұлға. – Яғни, егер тестілеу барысында кімде-кім көшіріп, тәртіптен аттаған болса көрсеткен нәтижесі жойылады.

ШҚО-да қалай?

Өңірдегі тестілеу уақыты республика көлемінде бекітілген мерзімнен сәл өзгеше болуы мүмкін. Бәлкім аймақтағы кей қалалалар мен аудандарда бірнеше күн кейін басталуы да ғажап емес.

– Бірқатар пункттерде емтихан маусымның 21-нен басталып, әрі қарай жалғасады, – деп хабарлайды С.Аманжолов атындағы ШҚМУ тестілеу орталығының басшысы Динара Мейірғазина. – Семейде 23-ші, ал Өскеменде 24-і күні басталып, шілденің 4-не дейін жалғасады. Өңірде барлығы республикалық тестілеу орталығының 14 филиалы ашылды. Екеуі Өскеменде: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Семейде Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінде бар. Орталық филиалдары Алтай, Аягөз, Риддер, Зайсан, Шемонаиха қалаларында, Үржар, Күршім, Үлкен Нарын, Ақсуат, Қалбатау және Көкпекті ауылдарында емтихан өткізілмек. Облыс басшылығының шешімімен 15-ші пункт Абай ауданында ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Динара Мейірғазина биыл түлектерге емтихан кезінде калькулятор қолдануға рұқсат берілетіндігін жеткізді. Оны тестілеу пунктінде береді.