Аумағы 3500 гектар өртпен күреске жұмылдырылған Ұлттық ұлан сарбазы адам жанын ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
26 қыркүйек күні ШҚО ТЖД қызметкерлерімен бірге жеке құрамның 30 адамнан тұратын тобы Абай ауданындағы өртті өшіруге жіберілген. 27 қыркүйек күні Қоңыр-Әулие қонақүй кешенінің маңындағы өртті сөндіру кезінде 68303 «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 1 құтқару ротасы бөлімінің командирі ефрейтор Руслан Еркебаев ес-түсінен айырылған адамды құтқарып алды. Оқиға түнгі уақытта болған. Қарсы соққан желдің әсерінен от қоршауында қалған жігітті жалын шарпыған сәтте Руслан Еркебаев көмек қолын созады.
– Зардап шеккен 1989 жылы дүниеге келген Ораз Ақановтың қазір жағдайы ауыр. Ол, екінші деңгейлік дене күйігімен Абай аудандық ауруханасына жеткізілген. 68303 әскери бөлімінің жиынтық құтқарушылар ротасы 122 шақырымға созылған өртпен үш күн бойы күресті. Тек 28 қыркүйек күні 260 адам мен 32 арнайы техниканың күшімен 3,5 мың гектарды қамтыған тілсіз жау өшірілді, – дейді ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.