ШҚО-да ұсақ құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдердің саны артқан

310
көрілім

Соңғы 6 айда өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдерге қатысты түскен қылмыстық істер санының азайғандығы байқалады. Ал азаматтық істер мен әкімшілік істер статистикасы көңіл толтырмайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2018 жылы 49 қылмыстық іс қаралса, 2019 жылдың соңғы алты айында 29 қылмыстық іс түскен. Қаралған істер бойынша 16 үкім шығарылды. Медиаторлар көмегінің  нәтижесінде 3 іс шешімін тапқан. Жеңіл қылмыстық – 7 іс, орта ауырлық – 9, аса ауыр жағдай бойынша – 7 іс қаралды.
– Есесіне соңғы алты айда әкімшілік істер саны өсіп, 222 іс қаралған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 167 еді. Оның өсу себебі түрліше. Жасөспірімдердің түңгі уақытта көшеде жүруінен бастап мейрамхана мен дәмханаларда заңсыз қызмет етуіне дейін. Сондықтан осы бойынша 217 іс әкімшілік айыппұл салумен аяқталған, – дейді ШҚО-ның №1 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Анна Жумагулова.
Осы сияқты азаматтық істер саны 50 іске өскен. Яғни 2018 жылы 234 іс болса, осы жылы 284 іс. Мұның ішінде 188 істің шешімі шығып, 10 талап арыз қайтарылған. Азаматтық істердің қатарында ең көп санаттар: ата-ана құқығынан айыру, балалардың мекенжайын анықтау, асырап алу және әкелікті анықтау мен алимент өндіру істері.
– Бұдан басқа республикалық «Отбасылық сот» пилоттық жобасы облыста сәтті жүзеге асуда. Қақтығысушы тараптарды керістірмей келістіру үшін судьяға арнайы дағдарыс орталықтарының мамандары, психологтар мен медиаторлар көмектесуде. Бұл жоба әсіресе азаматтық істердің қаралуында жиі қолданылады, – дейді сот мамандары.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ