ШҚО-да үш мекеменің жұмысшылар алдында қомақты берешегі бар

319
көрілім

Облыстағы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 498 жұмысшының алдында 308 млн теңге берешек жиналып қалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған басқарма осы жылдың I тоқсанында жеке және заңды тұлғалардың 454 өтінішін қараған. Соның ішінде, 430 өтініш еңбекақы тақырыбын қамтыды.

– Еңбек қатынастары саласында 108 тексеру жүргізілді. Оның ішінде, профилактикалық бақылау ретінде сегіз, жоспардан тыс 100 тексеру ұйымдастырылды. Соның ішінде, 401 заң бұзушылық анықталды. Толығырақ айтсақ, еңбек қатынасына қатысты 191, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 210 заң бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғалардың бірқатары 11 млн теңге айыппұл арқалап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Абылқайыров.

Қазіргі уақытта осы анықталған заң бұзушылықтардың 365-і жойылған. Қалғаны әлі орындалып жатыр. Басқарма басшысының орынбасары жалақы берешегі бойынша мәлімет ұсынды. Соған сүйенсек, 498 қызметкер алдында 308 млн теңге жалақы бойынша берешектің бары анықталды. Дегенмен басқарма жұмысы нәтижесінде, ол көрсеткіш 170 қызметкер алдында 158 млн теңгеге дейін төмендеген.

– Облыс бойынша еңбек жанжалдарына жол берілмеді. Қазіргі уақытта үш мекеме жалақы берешегі бойынша тізімде тұр. Оның біріншісі – «КЭМОНТ» АҚ (136 млн теңге), «Шығыс Строй Групп» ЖШС-ның 42 қызметкер алдында 12 млн теңге берешегі бар. Үшіншісі – «Востокшахтострой» АҚ. Оның 183 қызметкер алдындағы берешегі 51 млн теңге, – деді басшының орынбасары.

Үш мекемедегі қазіргі жағдай қандай? Мәлім болғандай, «КЭМОНТ» мекемесінде тексеру жүргізіліп, 136 млн теңге бойынша нұсқама берілді. Ол жеке сот орындаушыларының палатасына жіберілген. «Шығыс Строй Групп» ЖШС-ға қатысты қазір банкроттық бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Дүние-мүлкі сатылуда. Жұмыс біткен соң 12 млн теңге берешек төленетін көрінеді. «ВостокШахтоСтрой» АҚ қазіргі банкрот болып танылды. Қазіргі уақытта банкрот басқарушысы тағайындалған.

Облыс көлемінде қазір осы үш мекеме тиісті мониторинг тізімінде тұр. Мәселе біржақты етілген соң тізімнен алынады. Жауапты тұлға ұжымдық шарттарға қатысты мәліметтерін де ұсынды. Соған сүйенсек, 5431 мекеменің ұжымдық шарты 75%-ды көрсетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ