Өткен аптада Алтай қаласындағы сәбидің өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. Қала тұрғындары баланың өліміне анасын кінәлады. Үш жасар бүлдіршін өз үйінде шетінеп кеткен. Анасы баласының тыныс алмай жатқанын түнде байқаған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 28 қарашада орын алған. Алдын ала болжам бойынша, үш жасар қыз бала үйде ойнап жүріп басын соғып алған. Анасы баланың тыныстамай жатқанын байқаған бойда жедел жәрдем шақырады, бірақ оның еш көмегі болмаған.
- Сәбидің сол жақ бас бөлігінен гематома табылды. Басқа дене жарақаттары тіркелмеген, - деп түсініктеме берді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Қылмыстық Кодекстің «Баланың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамауы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Балабақша қызметкерлері осы уақытқа дейін баланың бойында ұрып-соғу мен көгеру іздері болмағанын айтты.