ШҚО-да үйінен қашқан жеткіншек қыз Алматыда тұрмысқа шығып кеткен

675
көрілім
Шартты фотосурет

Қыркүйек айының 12-сі күні Семей қаласының полиция басқармасына үйден шығып кеткен қызының сол беті оралмағандығы жайлы өтініш түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшыларына 49 жастағы әйел қоңырау шалып 12 қыркүйек күні кешке сағат 18:00 шамасында үйден қашып, сол күйі оралмаған 14 жастағы қызын іздеуге көмек көрсетуді сұраған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 15 қыркүйекте ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері Семей қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп үйінен қашқан қызды Павлодар қаласынан тапқан.

- Белгілі болғандай, қыз «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы көрші қалада тұратын жігітпен танысып, кездесу үшін үйінен кеткен. Жасөспірім тәртіп сақшыларына үйден өз еркімен кеткенін айтқан, оның себебі ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтіні болып шықты. Оқушы қыз Семей қаласына жеткізілгеннен кейін жедел уәкілдер оны туыстарына тапсырды, - делінген мәліметте.

Осыған ұқсас жағдай Өскеменде болды. 48 жастағы әйел 1 қыркүйекте қалалық полиция басқармасына хабарласып, кәмелетке толмаған қызының жоғалғанын жеткізген.

Белгілі болғандай, 8-сыныпта оқитын қызы маусым айының соңында үйден кетіп, анасы баласын іздеп Алматыға кеткен. Сол жақтан табылып, қайтуға бет алып жанармай бекетіне тоқтаған сәтте қызы қайтадан қашып кеткен.

- 19 қыркүйекте жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері Алматыда жасөспірім қызды тапқан. Онымен сөйлескен жедел уәкілдер оның үйден өз еркімен кеткенін анықтаған. Кәмелетке толмаған қыз Алматыда өмір сүруді құп көріп сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен, - дейді ШҚО Полиция департаментіндегілер.

Тәртіп сақшылары қыркүйек айында кәмелетке толмаған тағы бір адамды тапты.

Тамыз айында Семей қаласының полиция басқармасына 20 жастағы жас жігіт 17 жастағы әпкесі тамыздфң 17-сі күні таңертең үйден шығып, содан кейін оралмағанын хабарлады. Қыздың қалтасындағы ұялы телефон өшіп қалған. 20 қыркүйек күні криминалдық полиция қызметкерлері оны Нұр-Сұлтан қаласында жұмысқа орналасуға тырысқан сәтте тауып алған.

Әңгіме барысында ол алдымен Түркістанға келіп, әлеуметтік желіде бұрын танысқан жігітімен жақсы өмір іздеп елордаға келгені белгілі болды. Полиция кәмелетке толмаған баланы туыстарына қайтарды.

Жоғарыда аталған қыздардың барлығы арнайы қосымшалар арқылы басқа қалаларға таксимен жетіп отырған.