Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аталмыш ұлттық байқау биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Облыстық кезеңге әр ауданнан жеңімпаз атанған 11 отбасы қатысты. Соның бірі - Өскемен қалалық турының жеңімпазы Изгуттиновтер отбасы. Ерлі-зайыпты Бауыржан мен Раушан 4 баланы тәрбиелеп жеткізуде. Берекелі жанұя еңбектегі жетістіктерімен қатар, өнерлерімен, спортшыл, шығармашыл, зияткерлік табыстарымен танымал.Мұнымен қоса Изгуттиновтар отбасы қайырымдылық шараларымен, волонтерлерлік істерімен ерекше жанұя.
Ал Глубокое аудандық турының жеңімпазы - Асановтар отбасы. Ардагер ұстаздар Ақылбек пен Қорланның шаңырақ көтергендеріне биыл 44 жыл толды. Бұл әулеттің үлкенінен бастап кішілеріне дейін өнерлерімен, спорттағы табыстарымен, шығармашылық жетістіктерімен төңіректерін тәнті етіп отыр.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық турының жеңімпазы - Алтай ауданынан келген Макиленовтер отбасы болды. Ернұр мен Әсемнің екеуі де полиция қызметкерлері, 3 бүлдіршінін тәрбиелеп, жеткізіп келе жатқан бақытты жанұя.