ШҚО-да whatsapp арқылы әпкесін қорлаған тұрғын жазаланды

688
көрілім
Шартты фотосурет

Облыс тұрғыны әпкесінің WhatsApp желісіне балағат сөздері бар аудиожазба жіберіп, артынша оны жұбайымен бірге қорлағаны үшін 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың күзінде өңір тұрғыны әпкесі мен оның күйеуіне әдепсіз қарым-қатынас негізінде WhatsApp нөміріне әдепсіз сөздермен аудио хабарлама жіберген. Жәбірленуші жазбаны сақтап, оны сотқа жолдапты.

Белгілі болғандай, кейін апалы-сіңлілер арасында анасының мұрасына байланысты жанжал шыққан.

Сот әйелді құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тағайындады.

- Заңнан аттаған адам пробация қызметінде есепке қойылып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті органға жіберілді. Сондай-ақ пробация қызметінің инспекторлары әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және одан әрі жұмысқа орналастыру туралы мәселені қарастыруда, - деді пробация қызметінің бастығы Алмас Бұйратов.