ШҚО-да заңсыз жолмен пайда тапқан кәсіпкерлердің 61 ойын терминалы жойылды

514
көрілім

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі заң бойынша тыйым салынған ойын бизнесімен белсенді күрес жүргізуде. ҚР «Заңсыз ойын бизнесі» заңында көрсетілген талаптардың сақталуын тексеретін мекеме жалған лоторея аппараттарын орналастыру арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілерін ашты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2016 жылғы қараша мен 2017 жылғы наурыз аралығында Өскемен қаласының дүкендерінде, базарлар мен дәмханаларда жалған лотерея аппараттарын қойып, лицензиясыз ойын бизнесін ашқан топтың жолы кесілді. Қарағанды қаласының тұрғыны лоторея бизнесі саласында пайда табу мақсатымен қала аумағында ойын терминалдарын қою, оларға қызмет көрсету үшін ай сайынғы сыйақыға мамандарды жалдап, банкте есепшот ашады. Оның жалдаған мамандары үй жайларды жалға алу шарттарын жасасып, тиісті төлемдерді төлеп, вендинг жабдықтарынан түскен қаражаттарды алуды жүзеге асырып отырған. Олардың шарттарына сәйкес, заңсыз кәсіптен келген ақша банктегі есеп шоттарға аударылып отырған.

Топтың заңсыз әрекетінің нәтижесінде аса ірі мөлшерде 21 млн. теңгеден артық заңсыз табыс алынған. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында қаланың 30-дан артық сауда нүктелерінде 61 лототерминалдары, 7,4 млн. теңгеден артық ақша қаражаты алынған.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен қылмыстық топтың мүшелері ҚР ҚК 307-бабының 3-бөлігі, 2-тармақшасына сәйкес 3,5 жылға бас бостандықтарынан айырылып, 7,4 млн. теңге сомасындағы ақша қаражаты мемлекет мүддесіне тәркіленді.

– Тағы бір жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде электронды ойын автоматтары түріндегі заңсыз ойын бизнесінің жолы кесілді. Өскемен қаласының тұрғыны азамат С. 2016 жылдың соңында Өскемен қаласының Тәуелсіздік даңғылы 14/1 мекен-жайдағы жайды жалға алып, заңсыз ойын бизнесін ашады. Осы үшін Алматы қаласында анықталмаған тұлғалардан «FRUIT LOTO», «ДАЙ ПЯТЬ», «TURBO KENO», «LUCKY LADY CHARM», «SIZZING HOT DELUXE», «ПОБЕДА», «КАРТ ЛОТО», «MONKEY LOTO», «LUCKY HAUNTER», «KEHO», «ФРУКТОМАНИЯ», «ЗО-ЛОТО», «КУРОРТЛОТО» қосымшалары орнатылған 6 дана ойын автоматтарын сатып алып, заңсыз ойын бизнесін ашқан, – делінген ШҚО бойынша МКД ЭТҚ хабарламасында.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен азамат С. ҚР ҚК-нің 307 бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, айыпталушыдан 306 мың теңге тәркіленген.

Жалпы, соңғы 2 жылдың ішінде өңір бойынша 18 ойын залының, 4 онлайн-казиносының қызметі тоқтатылып, 110 лоторея терминал, 33 компьютер заңсыз айналымнан алынды. Сотқа 12 қылмыстық іс жолданып, 10 азамат сотталды. Қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша ШҚО бойынша МКД экономикалық тергеу қызметіне 24-06-05 сенім телефоны бойынша хабарласуларыңызға болады.

Біздің анықтама

«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес казино және ойын автоматтары залдарын Алматы облысының Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысының Шортанды ауданы аумағында орналастыруға рұқсат етілген.