Риддер қаласында зейнеткерді соққыға жыққан екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше «102» жедел арнасына Риддер қалалық аурухана медбикесінен 70 жастағы зейнеткердің дене жарақаттарымен травматология бөліміне жүгінгені туралы хабар түскен. Оқиға орнына тез арада жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда,14 қаңтар күні шамамен кешкі сағат 22:00-де үйіне бетперде киген белгісіз екі ер адам баса-көктеп кірген. Қартты ұрып-соққан олар 7000 теңгені алып, сол жерден із суытқан.
– Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады. Екеуі де өз кінәларын мойындап отыр, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.