1997 жылы құрылған Марқакөл ауылы аудан болмақ. Оның құрамына бұрын Күршім және Қатонқарағай аудандарына қарайтын аумақтар кірді. Таяуда облыс әкімдігінде өткен отырыста осыған қатысты мәселелер сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Президент биыл маусым айында Марқакөлдің тарихи шекарасын қалпына келтіру керектігін мәлімдеген. Өңірдің аумағы - 12,9 мың шаршы шақырым. Оның бес ауылдық округі және 23 ауылдың сегіз мыңға жуық тұрғыны бар. Жаңа ауданды заңдастыратын ҚР Президентінің жарлығы 2023 жылдың соңына дейін шығуы керек.
Қазіргі таңда Марқакөлде басшылық құрамы мен әкімшілік ғимараттар жайлы сөз қозғалуда. Оның барлығына Күршім мен Қатонқарағай аудандары өз ресурстарымен бөлісетін болады.
Бүгінде әкімшілік ғимараттарды салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Сондай-ақ соңғы уақытта әкімшілік орталыққа айналған елді мекендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Бұл ретте 2022 жылы Самар ауданын қалпына келтіру кезінде жинақталған тәжірибе қолданылуда. Ол кезде жаңа ауданға қажетті қаржы республикадан бөлінбеді. Мұндай көмек еліміздің картасында жаңадан пайда болған облыстарға ғана көрсетілді.
ШҚО-ның әкімшілік бірліктерін қаржыландыру облыстық бюджеттен алынып отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының есебі бойынша Қатонқарағай және Марқакөл аудандарын қалпына келтіру үшін 14 млрд теңге қажет. Бұл ретте Самар мен Тарбағатай аудандарындағы әкімшіліктерді ретке келтіру жұмыстары аяқталмағанын айта кету керек. Оның себебі бұрынғы аудан орталығы болған Ақсуат Абай ауданына қосылған.