2023 жылы Прапорщиково, Опытное поле және Белоусовкада жаңа мектеп пайда болады. Әкімдік қазіргі уақытта Глубокое ауданындағы ауылдардың бірінде мектеп салудың қажеттілігі бар ма, жоқ па екендігін пысықтауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстандағы жаңа оқу ғимараты «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынбақ. Сыйымдылығы 7800 оқушыға арналған 15 мектеп салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта Өскемендегі «Нұрлы жол» ықшам ауданында мектеп құрылысы қарқынды жалғасуда. Алдағы уақытта облыс орталығына жақын жерде орналасқан Глубокое ауданындағы елдімекендердің бірінде тағы бір орта білім беру мекемесі бой көтеруі тиіс.
– Білім басқармасы басшының орынбасары мен мамандарына жағдайды бүге-шігесіне дейін сараптап, үш ауылдың қайсысында мектеп салу қажеттілігі бар екенін анықтауды тапсырдым. Нақты айтсақ, Прапорщиково, Опытное Поле және Белоусовка елдімекендері, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Айта кетерлік жайт, аймақ көлемінде үлгілік жобалар біршама сәтті шығуда. Бұған Тавриядағы 300 орынға және Риддердегі 600 орынға арналған мектептерді мысал етсек болады. Заманауи білім ордаларында оқу өту ыңғайлы, сыныптардың іші жарық, керек құралдармен толық жабдықталған. Ескеруіміз тиіс бір нәрсе – қай жерде, қанша мектеп салу керек екендігін ұғыну. Бізде оқушылар саны тым көп немесе керісінше, жетіспейтін мектептер бар. Бұл ретте, тепе-теңдікті сақтау үшін автобус бөлуге де дайынбыз. Сонда білім ошақтарының жүктемесі азаяды.