«Жанұя» отбасын қолдау орталығы өңірдегі қиын жағдайдағы жанұялардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешумен айналысуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жанынан осыдан 3 ай бұрын «Жанұя» атты жаңа орталық ашылды. Соңғы уақытта ел ішінде отбасылық мәселелер туралы жиі айтылып, тұрмыстағы әйел мен балалардың құқығын қорғау тақырыбы өзекті саналып келеді. Жаңа орталықтың жұмыс мақсатының бірі де осы жанұя тыныштығын сақтауға жәрдем беру.
– «Жанұя» орталығының негізгі мақсаты – қолдау көрсету. Облыста 2022 жылдан бастап цифрлы отбасылық карта жұмыс істеуде. Қазір соған сәйкес «Д» және «Е» санатындағы отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалап, көмек көрсетілуде. Мәселен, бұндай кризистік санаттағы отбасылар көп жағдайда құжаттарын жоғалтып, жәрдемақыдан айырылып, керек ақпарат дер кезінде жетпей я болмаса білім мен дипломның жоқтығынан жұмыс таба алмай жүруі мүмкін. «Жанұя» орталығы осындай отбасылардың әлеуметтік, психологиялық мәселелерін шешуге қолұшын береді, - деді жұмыспен қамту орталығының басшысы Альмира Мусинова.
Жаңа орталық ашылғалы 3 айда бес жарым мыңнан астам отбасы жұмыспен қамтылса, 300 адам орталыққа өздері келіп жәрдем сұраған. Қазір «Жанұя» орталығының мамандары елді мекендерді аралап, көмекке мұқтаж отбасыларды тауып, мәселелерін біржақты етумен айналысуда.
- Облыс бойынша «Жанұя» отбасын қолдау орталығының штатында 35 маман қызмет етуде. Сондай-ақ әр ауданда әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін қызметкер мен психолог маман жұмыс істейді, - деді орталық директоры Маруа Гайсина.
Орталық Өскемен қаласы, Сәтпаев даңғылындағы 64-ші ғимаратта тұрғындарды қабылдайды. Ал ауданда қызмет көрсететін мамандар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жанындағы кеңседе жұмыс істеуде.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ