Өңірімізде Жастар жылына орай жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл жайлы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова айтып берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Осы жылы Шығыс Қазақстан облысында жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 4 жоба қолға алынған. Соның бірі – «Жас Кәсіпкер» жобасы. Осы жобаның аясында 24 шілдеден бастап 18-29 жас аралығындағы 1300 адам, оның ішінде NEET санаты бойынша, жас немесе аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке жарамды мүгедектер кәсіпкерлік негіздеріне оқуды бастамақ.
– Оқуды бітірген соң олар бизнес жоспарларын қорғап 505 мың теңге мөлшерінде грант ала алады. Мұндай гранттар жалпы саны 1277 адамға берілмек. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтары немесе бөлімдеріне жүгіну қажет, – дейді Әсем Бекқызы.
Сонымен қатар «JasА» жобасы аясында қала мен ауылдарды дамыту және өмір сүру ортасын жақсарту бойынша жастардың әлеуметтік идеялары, жобалары мен бастамалары жүзеге асырылмақ.
«Qorgau» жобасы аясында қалалар мен аудандардың жастар ресурстық орталықтары базасында 20 тәжірибелі заңгер-практик жұмыс істей бастайды. Бастама идеясы – азаматтардың, оның ішінде жастардың құқықтарын қорғау үшін қолжетімді және тегін мүмкіндік жасау. Жобаны «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры жүзеге асырады.
– 14 шілдеден тәлімгерлер жастарға кәсіпқойлық, құқықтық кеңес беру, жеке тұлғалық өсу мәселелерінде көмек көрсететін менторлық дамыту бойынша жоба басталды. Шығыс Қазақстан менторлары Нұр-Сұлтан қаласында 4 күндік оқудан өтті. Жастар саясаты саласындағы жұмыс Жастар жылының Жол картасына сәйкес жүргізіледі, - дейді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Соңғы жарты жылдағы көрсеткіш бойынша өңіріміздегі жұмыспен қамту бөлімдеріне 4,5 мыңнан астам жас өтініш білдірді, олардың 50% ауылдық жерлерде тұрады. Жастардың барлығына жұмысқа орналасуға жәрдемдем көрсетілді. 15 жас кәсіпкерге «БЖК-2020» аясында гранттар берілген. "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 40,6 млн.теңгеге 230 жас маман көтерме жәрдемақы алды, 149 адам тұрғын үй сатып алу және салу үшін бюджеттік несие алды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ