Өңірде тәртіп сақшылары синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан қылмыстық «тізбектің» жолын кесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, есірткі заттарының заңсыз айналымы мен өткізу схемасына облыстың сегіз тұрғыны тартылған. Олар белгіленген жерге есірткі қойып кетіп жүрген.
- Мұны ұйымдастырған интернет-дүкеннің әкімшісі республика аумағында жоқ болса да басқарып отырған. Соның нұсқауымен есірткі қойып кетушілер логистикалық компаниялар арқылы жеткізілетін мұқият жасырылған улы тауарды алып, түрлі дозалар бойынша өлшеп салып, өңірлерге жеткізіп отырған. Басты назар Өскемен және Семей қалаларындағы жастарға сатуға бағытталған, - деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.
Өткізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында полиция қызметкерлері осы есірткі желісіне тартылған сегіз адамны жекелеп қолға түсірді. Олардан алынған синтетикалық құралдардың жалпы салмағы 1 кг 700 грамм-нан асты, бұл 5,5 мың дозаға тең.
Ұсталғандардың арасында 25-40 жас аралығындағы ер адамдар бар, кейбіреулері бұрын сотты болған. Күдіктілердің сөзінше, есірткі қойып кетушілерге жұмыс туралы ұсыныс әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен, алайда заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілік көзделгенін олардың ойларына да кіріп шықпаған.
- Аталған адамдардың барлығы соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сараланады, оның санкциясында 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.