ШҚО-да жауапты тұлғалар спортшыларға деп бөлінген қаржыны қалталарына басып қалған

144
көрілім
Фотосурет kazbusiness.kz сайтынан

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті өкілдері дерегінше, жуықта жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша осы салаға да тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі болғандай, спорт тақырыбы төңірегіндегі заң бұзушылықтар тыйылар емес әрі өзектілігі тұрғысында бірінен-бірі өткен. Аталған Департамент басшысы Денис Шакеновтің сөзінше, жалған диплом арқылы жұмыс істеп, іссапар шығындарына деп бөлінген қаржыны қалтаға басу сияқты ағаттықтар жиі тіркелді. Оның ішінде, командаларға деп бөлінген қаражат мөлшері де тым аз. Бірақ қанша сома екені айтылмады.

– Жалған құжат жасау бойынша жеті факті анықталды. Көбі балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде болған. 2021 жылдың қаңтар айында Өскемендегі волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшылар дайындық жүргізіп, оларды тамақпен, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін 4 млн теңгеден астам қаржы аударылды. Бірақ оқу-жаттығу жиыны Өскеменде өткен. Әдетте, бір жерден бас жаққа барып әзірлік жүргізген кезде қаржы бөлінетін еді. Осы әрекет қалай іскені шынымен де қызық жайт, – деді жауапты тұлға.

Жаңа Бұқтырма кенті мен Серебрянск қаласындағы спорт мектептерінде сондағы тәрбиеленушілерді бірнеше адам етіп көрсету жағдайлары анықталды. Жауапты тұлғалар мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан кезде осындай қадамға барған. Барлық бұзушылықтың беті ашылған соң Антикор өкілдері тарапынан тексерістер күшейтілді. Қорытынды қолға тиісімен, процессуалдық шаралар қолданылмақ. Осы ретте Департамент басшысынан жалған диплом жасау қай аудандарда тіркелгені жөнінде сұрадық. Денис Шакеновтің сөзінше, бұл барлық дерлік ауданда жалғасты. Осы бойынша тиісті хат облыстық Полиция департаментіне жолданбақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ