ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Денис Шакенов жыл басталғалы атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде іске қосылған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы көп істі бақылауда ұстауға мүмкіндік беруде. Ол жерде бірнеше сала қамтылған. Айталық, көмір тапшылығы, экология, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау, құрылысы ұзаққа созылған нысандар және тағы басқасы.
– Күні бүгінге дейін қолданысқа берілмей, құрылысы бірнеше жылға жалғасқан ғимараттың бірі – мамандандырылған ХҚКО. Ол аталған картаға да енгізілген. Жоспарға сәйкес желтоқсанның соңында жұмыс толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал қолданысқа келер жылдың наурыз айында берілуі тиіс, – деді Денис Шакенов.
Жауапты тұлға әрі қарай жайылым тапшылығына тоқталды. Оның сөзінше, жемқорлық тәуекелдері анықталып, мал жайылымына қажеттілік – 78,6 мың гектар алқапты құрайды. Жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылып атқарылған жұмыс нәтижесінде ешбір мақсатта пайдаланылмаған жер учаскелері де анықталды.
– Тоғыз елдімекен аумағында төрт түліктің орман қоры аумағында жайылып жүргені белгілі болды. Облыс көлемінде жайылым тапшылығы мәселесі 99,8 пайызға шешілді. Соған қарамастан, ауылдық округ әкімдіктері өз аумағында осы мәселені әркез қадағалап отырмақ, – деді Департамент басшысы.
Ағымдағы тоқсанда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына жылу электр орталықтарына қатысты мәселелер енгізілген. Департамент өкілдері Риддер ЖЭО-дан бастап, басқа да нысандар үнемі қадағаланып отыратынын алға тартты.