Шығыс Қазақстанда жеке меншік Қарттар үйлерін ашу көзделуде. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы қазіргі Қарттар үйлерінде қариялардың тым көп тұрып жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өңірімізде Қарттар үйі, психикалық ауытқушылықтары бар ересектер мен балаларға арналған орталықтар секілді 20-ға тарта арнайы орталықтар бар. «Олардың барлығында адам саны өте көп», – делінген басқарманың ресми сайтында.
– Қазіргі уақытта қызмет алушылар өздерін интернатта жатқандай сезінбес үшін мекемелерді ұсақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік жұмысшылар 20-50 адамға көмек көрсеткенде оларға сапалы қызмет ұсына алады.
Қазіргі уақытта жеке меншік үш орталық Зырян ауданында, бір орталық Өскемен қаласында ашылған. Басқарма қызметкерлері Қарттар үйін ашуды көздеген кәсіпкерлерге ғимараттың сапалы стандартқа сай болуы бағытында көмек көрсетіп, ұжымды оқытады.