Аймағымызда 2019 жылдың басынан бері облыстық жемқорлыққа қарсы қызметке 136 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 118-і жемқорлық бағытта, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінде «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық-кеңсесі аясында өткен жиында өңір бойынша жемқорлық әрекеттер мен оны алдын алудың жолдары ұсынылды. ШҚО бойынша ҚР жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Агенттігінің басшысы Ерлан Жалмағамбеттің айтуынша, жемқорлықпен жүйелі күрес жүргізу – қоғамды игілікке бастайтын оңтайлы жол. Өзекті мәселені біржақты ету үшін республика көлемінде қолға алынып жатқан түрлі механизмдерді қолданысқа енгізіп көру керек.
– Қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар бар. Десе де мәселенің мән-жайын толық ұғынып, жөнімен ой елегінен өткізбегендіктен істің байыбына бара алмай жатырмыз. Жемқорлықты алдын алудағы алғашқы қадамдардың бірі – мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте департаменттің бастамасымен өңірдегі біршама мектептер қамтылды, – дейді Ерлан Нағашбайұлы.
Одан бөлек, жылдың басынан бері жемқорлық әрекетке қатысты 117 іс қаралып, 110 лауазымды тұлға жазаға тартылған. Департамент Агенттігінің басшысы облыс бойынша жемқорлық әрекеттері жиі тіркелген салаларды да тілге тиек етті. Мәлім болғандай, Полиция департаментінде, Денсаулық, Білім, Жер қатынастары басқармаларында, сондай-ақ шекара қызметінде жұмыс істейтін жандар жоғарыда аталған жағымсыз жайтпен жиі ұшырасатын көрінеді. Сонымен қатар жауапты тұлға Шығыс Қазақстан обысының жемқорлық қылмысы бойынша республика көлемінде көшбасшы қатарында еместігін жеткізді.
– Қоғамды келеңсіз жайтпен ұшырамаудың амалдарын іздестіруді тоқтатпаған жөн. Жемқорлықпен күрес кезінде екі жоспарды білуіміз тиіс: бірі – жемқорлық әрекеті байқалса, оны дереу жазаға тарту, екіншісі – жемқорлық заңына жат қадамға барғандарды қылмыстық іс бойынша қудалау, – деді Ерлан Жалмағамбет.
Әділхан ЕСІМХАНОВ