Шығыс Қазақстан облысында Жеңіс күнінде 134 соғыс ардагеріне 600 мың теңгеден берілмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында айтылды. Сондай-ақ тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген адамдар 100 мың теңгеден алады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан әкімдіктері осыдан бұдан бөлек те қосымша көмек көрсететіндігін мәлім етті.
- Бұл біздің майдан шебіне аттанып, сұрапыл соғысқа қатысқан батырларымыздың алдындағы борышымыз. 9 мамыр халқымызды одан сайын біріктіретін мереке. Бір айдың ішінде өскелең ұрпаққа қазақстандықтардың соғыс кезіндегі ерен ерліктері туралы баяндайтын арнайы мектеп бағдарламасын әзірлеу керек. Оны жалпы білім беру бағдарламасына қосымша ретінде енгіземіз, - деді әкім.
Жалпы облыс бойынша Жеңіс күніне орай 7-9 мамыр аралығында 200 мың адамның қатысуымен 340-тан астам шара өткізу жоспарланған.