ШҚО-да жер дауынан соң сот әкімдікке де, кәсіпкерге де тісін батырды

119
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден
Жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өткен Кеңес отырысында біршама қызық тақырып талқыға түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Белгілі болғандай, кәсіпкерге тиесілі ғимараттың кіреберіс бөлігі ШҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің тексерісінен кейін мемлекет меншігінде екені анықталды. Кейін шенеуніктер кәсіп иесіне ғимараттың кіреберісін қиратып, жеті шаршы метр жерді мемлекетке қайта өткізуін сұраған. Бұған келіспеген кәсіпкер облыстық әкімшілікке шағымданамын деп соттан бірақ шықты. 
- Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Өскемен қаласы әкімінің талап арызы қанағаттандырылды. Сот кәсіпкерге жерді шешім заңды күшіне енген күннен бастап, 30 күн ішінде босатуын міндеттеді, - делінген кеңес отырысында.
Ал келесі бір сот шешімі кәсіпкердің пайдасына шешілген.
-  Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке кәсіпкерге мемлекет меншігінен ғимараттың кіреберісін салуға қайта жер учаскесін бөлуді заңды деп шешкен, -  деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасындағылар.
Яғни, экономикалық сот кіресберісті қиратып, мемлекеттің меншігіне өткіз десе, әкімшілік сот жер телімін қайта бөлуді заңды деп шешті. Кәсіпкерлік палатасының жанындағы кеңесте қос соттың шығарған шешімінің орындалу тәсілі мен түсіндіру жұмыстарын қайта қарауды сұрау туралы шешім қабылданды.