Өскемендегі Аймақтық коммуникациялар қызметінде болған брифингіде мемлекеттік органдағы ҚР жер заңнамасын сақтамау салдарынан болатын келеңсіздіктер айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев осы уақытқа дейін өңірде қанша гектар жердің пайдаланылып, қаншасы бос жатқанын егжей-тегжейімен айтып берді.
– Біздің 2012-2018 жылдар аралығында атқарушы органмен бірлесе жүргізген бақылау нәтижесінде, 2600 гектар ауылшаруашылық жерлерінің дұрыс пайдаланылмағаны белгілі болды. Олардың ішінде біршамасы еліміздің жер заңнамасына қайшы келіп отыр. Кейін азаматтардың заңнаманы бұзғандарына қарай 1300 гектар жер мемлекетке қайтарылды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ өткен жылы облыс көлемінде 502 мың гектар жерге 1058 рет тексеріс жасалып, оның ішінде 974 мәрте заңнама бұзушылық тіркеліпті. Кейін ол адамдар әкімшілік жазаға тартылып, жалпы құны 20 миллион теңгені құрайтын айыппұл төлеуге мәжбүр болған-ды. Ал жерді талапқа сәйкес қолданбағандарға заңнамаға қайшы келетін әрекетке барғандары үшін қосымша 10 еселенген салық салынған.
Әділхан ЕСІМХАНОВ