ШҚО-да жинақталған қоқыстардың жалпы көлемі 9 млн. тоннаға жеткен

554
көрілім

Өңірімізде жыл сайын 150-200 мың тонна қоқыс қалдықтары жинақталады екен. Облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 25 полигон, сондай-ақ 257 ауылдық қоқыс үйінділері бар, алайда қоқыс қалдықтары бұл полигондар мен үйінділер аумағына сыймайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тек 8%-ында ғана рұқсат бар
Облыс экологиясының нашарлау себептерін зерттеп-зерделеген ШҚО Прокуратурасы «ауаның ластануына – қоршаған ортадағы қатты тұрмыстық қалдықтардың талапқа сай сақталмауы зор әсер етеді» деген қорытындыға келді. Қадағалау органы жүргізген талдау жұмыстары нәтижесінде Шығыс Қазақстанда жалпы жиыны 9 млн. тоннаға жуық қоқыстың бар екендігі анықталды. Бұл аз сан емес. Ал соңғы жылдарда осы қоқыстардың бір де бір келісі қайта өңдеу үшін сұрыпталмаған, яғни тұрғындардың қоқыс контейнеріне тастаған қалдықтары еш өңделмей, қоқыс үйіндісінде бірнеше жыл бойы сол қалпы жатыр.

– Әр елді мекендердегі қалдықтар қоқыс үйінділеріне апарып төгіледі. Ал сол үйінділерді көму шаралары дұрыс сақталмаған, – дейді ШҚО Прокурорының аға көмекшісі Тимур Чакпантаев. – Жергілікті атқарушы органдар осындай үйінділерді ретке келтіру үшін тиісті шаралар қабылдамайды. Сонымен қатар, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін 282 орынның тек 25-інде ғана құжаттары талапқа сай жасалған. Тұрмыстық қалдықтар тасталатын барлық жерлердің тек 8%-ында ғана эмиссияға рұқсат пен мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама қорытындылары бар. Оның үстіне бірде біреуі заң тұрғысында рәсімделмеген 257 ауылдық қоқыс үйінділерінің орналасуы мен жабдықталуы жоспарсыз, жобасыз жүзеге асырылған. Олардың қоршаған ортаға қалай әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Сондай-ақ, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған полигондар да заңмен бекітілген талаптарға мүлдем сай келмейді. Тұрмыстық қалдықтарға арналған сол полигондарға тасталатын құрамында қауіпті бөлшектері бар батарейкалар, лампалар, дәрі-дәрмектер, бояулар, ішінде сынабы бар заттектер, дөңгелектер және басқа да қауіпті заттар сақталады. Ал аты аталған қауіпті заттарды көму шаралары қолға алынбаған.

Үйіндіге – жарты ғасыр
– Кейбір қоқыс үйінділерінің тау-мая болып жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт болған, – дейді Тимур Чакпантаев. – Олардың санитарлық қорғау аймақтары тұрғын үй кешендеріне тым жақын жерде орналасқан. Оған мысал ретінде облыс орталығындағы Красин кентін келтіруге болады. Танауды жарған жағымсыз иіс пен қаптап жүрген егеуқұйрықтар жергілікті тұрғындардың мазасын алып бітті.

ШҚО Прокуратурасының анықтауынша, облыстың барлық қала, аудандарында бей-берекет лақтырылған қатты тұрмыстық қалдықтардың үйінділері аз емес. Бұл жергілікті атқарушы органдардың осы мәселеге орай атқарған жұмыстарының сылбыр екендігін көрсетеді. Мысалы, Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қала тұрғындарының 70%-ы қоқыс шығаратын арнайы ұйымдардың қызметін пайдаланады. Яғни, дүйім жұрттың қалған 30%-ы (96 мыңнан астам тұрғын) қоқыстарды қалай болса солай лақтыруда. Өткен жылы осындай бей берекет тасталған үйінділерді жою үшін қала бюджетінен 6,6 млн. теңге бөлінген еді, алайда қала тұрғындары қоқысты арнайы жабдықталмаған жерлерге қалай болса солай лақтыруларын доғарар емес.

Заң бойынша осындай әрекетке барған адамдар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бірақ, олар тек қоқысты лақтырған сәтте ұсталған кезде ғана заң алдында жауап береді. Алайда полиция қызметкерлері осындай құқықбұзушылыққа жол берген азаматтарды анықтауға аса құлшыныс танытпайтын сияқты. Оған статистикалық көрсеткіштер дәлел болып отыр.

– Облыстың Ішкі істер органдары өткен жылы 322 620 әкімшілік іс қозғаған. Жалпы әкімшілік құқық бұзушылықтардың 70%-ы (226 411) жол жүру ережесін бұзғандарға байланысты қозғалды. Ал ұсақ бұзақылық үлесі тек 2,9%-ды (9410) құраған (қоғамдық орындарды, саябақтар мен скверлерді ластау, коммуналдық қалдықтарды жабдықталмаған жерлерге лақтыру және т.б.). Осыған қарап тұрғындардың қоқыс лақтыру фактісі аз орын алады деп айтуға ауыз бармас, – дейді ШҚО Прокурорының аға көмекшісі.

Қоқыс өңдейтін зауыт жоқ
Туындаған мәселедегі басты қиындықтардың бірі – Шығыс Қазақстан облысында қоқыс өңдейтін зауыттың жоқтығы. Егер осындай кәсіпорын іске қосылса, жинақталған қоқыстардың саны әлдеқайда азаятыны сөзсіз. Тағы бір айта кететін жайт, ешқандай мекемеге рәсімделмеген қоқыс контейнерлері де өңірімізде аз емес. Мысалы, Өскемен қаласында ПИК-ке де, арнайы кәсіпорындардың балансына да есепке алынбаған 541 қоқыс контейнері бар.

– Осының салдарынан қыста қалың жауған қарды тазалау барысында талай көшелердің аулаларынан қоқыс үйінділері шығады, – дейді Тимур Чакпантаев. – Ал ШҚО Экология департаменті мен Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті осы мәселемен түбегейлі айналыспауда.

Десе де, облыстық Экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин бұл сөзбен келіспейтінін алға тартты. Оның айтуынша, әр ай сайын департамент мамандары облыстың қала, аудан әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін хат жолдап отырады. Сондай-ақ, ол сөз барысында 2019 жылдан бастап қалдықтардың 90%-ынан астамы полигондарға қабылданбайтынын мәлімдеді. Оған қағаз, пластмасса, және т.б материалдар жатады.

– Тиісті шараларды қазірден бастап қолға алуымыз қажет. Ол үшін қалдықтарды сұрыптау желісін іске қосқанымыз дұрыс болады, – деп атап өтті Дмитрий Кавригин. – Өкінішке орай, бұл мәселе тек Шығыс Қазақстанда орын алып отырған жоқ. Қазақстан бойынша тек Астана қаласының полигоны ғана барлық талаптарға сай.
Осы ретте «Өскемен Спецкоммунтранс» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желілерін енгізу жоспары қолға алынбақ екендігін айтты. Ол жұмыстардың нақты қашан басталатындығы әзірге белгісіз.
Отырыс соңында ШҚО Прокуратурасы қоқыс үйінділерін ретке келтіру үшін әр ауданда арнайы жұмыс топтары құрылу қажеттігін баса ескертті.