ШҚО-да жоғалып кеткен малшы 2 күннен кейін табылды

460
көрілім

ШҚО Абай ауданы Саржал ауылында із-түссіз жоғалып кеткен малшы 2 күннен соң табылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

28 қаңтар күні сағат 08.00 шамасында Семей қалалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің «112» нөміріне Саржал ауылынан қыстауға кеткен малшының жоғалып кеткені жайлы хабар түскен. Құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен дереу сол жерге аттанып, іздестіру шараларын жүргізеді. Алайда қалың қар мен бұрқасынның салдарынан сол күні оны табу мүмкін болмаған.

- Келесі күні сағат 07.20-да шаруа қожалығының иесі жоғалған ер адаммен телефон арқылы байланысқа шыға алды. Ол өзінің адасып кеткенін, дәл қазір қайда келе жатқанын білмейтінін жеткізген. Содан кейін байланыс үзіліп кетіп, қайта қосылмады, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Іздестіру жұмыстары 29 қаңтарда түн жамылғанға дейін жүргізілсе де малшы табылмапты. Құтқарушылар жеті қыстақ пен «Қаражыра» кенішіне дейінгі аумақты түгел шарлаған. Күн шыққанда қайтадан көмір разрезіндегі жазық далаға іздеуге шығады.

- 30 қаңтарда түс кезінде ер адамның «Каражырадан» 10 шақырымдай қашықтықтағы ауылға жеткені туралы ақпарат келді. Оған медициналық пуктте алғашқы көмек көрсетілген. Алдын-ала диагноз бойынша малшының екі аяғының саусақтары мен мұрны үсіп кеткен. Қазір Семейге жеткізілген ол жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды, - делінген ведомство мәліметінде.