ШҚО-да Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары жолдың қардан тазалануын қадағалады

492
көрілім

Жауапты тұлғалар жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарға қанша рет тексеріс жүргізілгендігін айтып, жолдардың уақтылы тазартылуы үшін қанша техника жұмылдырылғандығын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мамандар бұл жолы республикалық маңызы бар «Өскемен-Шемонаиха-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы автожолдың қар құрсауынан тазартылуы назарға алды. «Орман отырғызу» бөлімінің басшысы Мұрат Макеев қысқа дайындық жүз пайызға іске асырылғандығын мәлімдеді.

Жол жиегінен бөлек, автобус аялдамаларын да уақтылы тазарту жоспарға қойылған. Бөлім меншігіндегі 30 техника тоқтаусыз жауған қардың тоқтауын күтпей бірден тазалау жұмысына кірісетін көрінеді.

– Биыл қыс ерте түсіп, қазан айының 8-нін бастап қар жауа бастады. Өткен жылмен салыстырғанда қардың қалыңдығы төмен. Дегенмен алда қыспаққа алуы мүмкін қыстың екі айы бар. Осы уақытқа дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты «Өскемен-Шемонаиха-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жол бір рет жабылды. Негізі қар жауып біткен соң жолды бес сағатта тазартуға тиіспіз. Дегенмен көп жағдайда қардың жауып бітуін күтпей, техникалар лезде жұмыстарына кіріседі, – деді Мұрат Құсманұлы.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚО филиалы өкілдері ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басталғалы автожолдарға 20 рет тексеріс жүргізіліп, 38 бұзушылық анықталған. Қысқы күтіп ұстау сапасы бойынша олқылықтар қардың жол жиегіне дейін күрелмей, жолдың жүру бөлігіндегі қар қабаты, көпірлер мен павильондардың толық тазаланбауынан болған.

– Республикалық маңызы бар жолдарға тексеріс жүргізу жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары», «Өскемен-Риддер», «Өскемен-Семей» бағытындағы жолдар қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың көпшілігі жүргізушілер үшін қауіпті бөліктерге тайғаққа қарсы материалдардың себілмеуі мен жол жиегінде қар үйіндісінің қалып қоюынан, – деді ШҚО бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығының лаборанты Асыл Абылқасымов.

Осы кемшіліктерге сәйкес тапсырыс беруші мен мердігерлерге хат жіберіліп, соның жауабына қарай тиісті шаралар қолданылмақ. Жол сапасының бақылауын ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де қатаң бақылауға алған. Аталған агенттікте превенция және парасаттылық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Арыстан Асқарұлының сөзінше, жол сапасына мониторинг жасау агенттік бастамасымен 2019-шы жылдан бастап іске асырылып келеді.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті тізе қосып, жол сапасының төмендеуіне байланысты келіп-түскен өтініш-талаптарға сәйкес жаз айларында жолдардың жөнделуін, ал қыраулы қыста республикалық маңызы бар күре жолдардың қардан тазалануын қадағалайды.

– Мұнда жұмыстар алдағы уақыттарда да міндетті түрде жалғасын табады. Анықталған кемшіліктер жауапты мердігердің қатысуымен берілген мерзім ішінде тиісті шаралардың қолға алынуына негіз болады, – деді ол.

Мамандар сөзінше, облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы - 3414 шақырымды құраса, осы уақытқа дейін соның 2520 шақырымына тексеріс жүргізілген. Филиал қарамағында өңір аудандарында орналасқан 12 бөлім, қардың уақтылы тазартылуын қадағалайтын 162 техника бар.