ШҚО-да жол апатынан 5 адам көз жұмды

498
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, өткен тәулікте өңірде үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 5 адам көз жұмды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, ажал құшқандардың арасында бала да бар.

Алғашқы екі қайғылы оқиға Семей қаласының маңында қала сыртындағы тас жолында болды.

Қазан айының 28-і күні кешкі сағат 18:15-те қала маңындағы автожолда «Volkswagen» маркалы автокөліктің 21 жастағы жүргізушісі 2012 жылы туған жаяу жүргінші баланы қағып кетті. Алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Жанында ересктерден ешкім болмаған.

Сол күні, кешкі уақытта «Семей-Талица» бағытындағы автожолда 66 жастағы «ПАЗ» маркалы автобустың жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған 45 жастағы ер адамды қағып кетті. Зардап шеккен адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

- Үшінші жайт Павлодар облысына 1 шақырым жетпей «Омбы-Майқапшағай» автожолында болып, онда «Хонда» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимінің асып кетуінен рөлге ие бола алмаған. Көліктің аударылуына жол беріп, соның салдарынан өзі және көлікте болған екі жолаушы да оқиға орнында мерт болды, - делінген мәліметте.

ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, әрбір факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3 және 4-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Жоғарыда аталған ЖКО-ның бірінде жас бала қайтыс болған, оның өліміне кінәлі жас жігіт ҚР ҚІЖК-нің 128-бабының тәртібімен УҰИ-на қамауға алынды. Зардап шеккендердің отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Қазір қылмыстық істер аясында объективті тергеу қамтамасыз етілуде. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр, одан бөлек, сот сараптамалары тағайындалды.

Сондай-а өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін айта кету қажет. Жыл басынан бері полицейлер:

- Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауына байланысты 200 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылықтың жолын кесті;

- Көлік құралдарын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарған, кейіннен көлік жүргізу құқығынан айырылған 1 372 жүргізуші ұсталды;

- ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша көлік құралдарын мас күйінде басқарған, бұрын сотпен осындай құқық бұзушылықтар үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған 110 адам анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды;

- Уәкілетті органдарға орын алған кемшіліктерді жою үшін 4 мыңнан астам ұйғарым жолданды. Жол инфрақұрылымымен және жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастырумен байланысты бұзушылықтар, жалпы алғанда, әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке 222 лауазымды тұлға тартылған;

- ЖКО-ның алдын алу мақсатында республикалық және жергілікті қозғалыс тас жолдарында қараусыз жайылып жүрген 16 мыңнан астам қаңғыбас жануарлар айдалып, «мал тұрағына» орналастырылды, бұл ретте олардың 6 мың иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, Полиция департаментінің бастамасы бойынша қалалар мен өзге де елді мекендерде жол төсемдерін қайта жаңарту жүргізілуде, бүгінгі күні 145 мың шаршы метр жол таңбалары, 1 мың қума метр шу жолақтары салынды, қосымша 74 жарықдиодты белгі және 7 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды.

Тәртіп сақшылары полицияның сервистік моделін іске асыру және халықпен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету шеңберінде, бүгінде азаматтар Департаменттің ресми парақшалары мен сайттарына қауіпсіздік саласындағы барлық проблемалық мәселелер туралы тікелей хабарлауға мүмкіндігі бар екенін еске салады. Белгіленген құзыреті шегінде ІІО-ры оларды жедел шешуге дайын.

Сонымен бірге полиция қызметкерлері көлік құралдарын басқарушыларға жолдарда мұқият болуға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.