ШҚО-да жол саласы цифрланбақ

519
көрілім

Өңірде жол саласын цифрландыру жолдарды жөндеуге тезірек кірісуге мүмкіндік береді.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары Шығыс Қазақстан мен Абай облысының барлық аудандарынан келген ТКШ бөлімдерінің қызметкерлерін оқытып жатыр. Өскемендегі семинарда елордалық спикерлер саланы цифрландыру мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптамадан өтудің бірыңғай порталын құрды. Енді барлық процедуралар ашық түрде жарияланып тұрады. Тапсырыс берушілер - ТКШ-ның сол бөлімдері болашақ жөндеу бойынша барлық деректерді осы портлаға енгізеді. Мысалы, бұл қандай жол учаскесі, қандай жұмыс түрлерін қажет етеді.

Ведомстволық сараптама жүргізудің негізгі міндеті – әкімдік мамандары қабылдаған шешімдердің негізділігін дәлелдеу. Техникалық құжаттар қаншалықты дұрыс құрастырылған, жұмыс көлемінің орындылығы, құрылыстың есептік құны көрсеткіштерінің дұрыстығы деген сияқты тараптар тексеріледі.

Сараптамадан өтудің әр кезеңі электронды түрде қадағаланып, осылай сыбайлас жемқорлық қаупі жойылады. Сараптаманың соңғы нәтижесі де толығымен электронды түрде шығады.

- Егер бұрын ведомстволық сараптамаға 3-4 айға дейін уақыт кетсе, қазір электронды нұсқаға көшу салдарынан бұл мерзімдерді 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Бұл дегеніміз, жөндеудің өзі тезірек басталуына жол ашып отыр. Бұл цифрландырудың нақты пайдасы, - деп атап өтті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының ведомстволық сараптама жөніндегі инженері Дәурен Жанұзақов.

Семинарға Шығыс Қазақстан мен Абай облысының аудандары мен қалаларынан ТКШ бөлімдерінің 30-ға жуық қызметкері қатысты. Олар автожол жобаларының сапасын бақылау, жолдарды диагностикалау және паспорттау және олардың қауіпсіздігін бақылау мәселелері бойынша жан-жақты жауаптар алды.