ШҚО-да полицейлер Талдықорғанға бара жатқан шағын автобусты тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 қаңтарда сағат 21:30 шамасында полиция қызметкерлері «Алматы-Өскемен» тасжолында «Mercedes-Benz Sprinter» маркалы шағын автобусты тоқтатты. Анықталғандай, «Зайсан-Талдықорған» бағытында келе жатқан автобуста 18 жолаушы болған.
Сондай-ақ, сақшылар аталған тасжолдың 778 шақырымында «JAT» жүк көлігін тоқтатты. Жүргізуші мен төрт жолаушы «Павлодар-Талдықорған» бағытымен жолға шығыпты.
– Бұдан бірнеше сағат бұрын республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда уақытша көлік қозғалысы шектелген болатын. Сондықтан полицейлер суық көлік ішінде жаурап қалған азаматтарды жылыту пунктіне жеткізді, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Айта кетейік, облыста ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеді.