ШҚО-да жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы 10 млрд теңгеге көбейтілген

122
көрілім

Облыс әкімі Ермек Көшербаев биыл «Жол жылы» болады дегелі, аудандардан бастап, республикалық маңызы бар учаскелерде тоқтаусыз тірлік жалғасып жатыр. Әлбетте, барлығында емес. Кей аумақта техникалар әлі қаңтарылып тұр. Жуықта ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері жиын өткізіп, тақырып аясында ресми мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Көлік салмағына шектеу енгізілді»

Аталған басқарма басшысының орынбасары Ерлан Уәлиевтің айтуынша, облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы желісі – 5265 км құрайды. Оның ішінде:

  • республикалық маңызы бар жолдар – 1238 км,

  • облыстық маңызы бар жолдар – 1587 км,

  • аудандық маңызы бар жолдар – 2440 км.

Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайтылған. Ал қаржыландыру 31,5 млрд. теңгеге (2023 ж. – 20,4 млрд. теңге) дейін жетті. Оның ішінде: биыл жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 2,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 0,7 млрд теңге).

Осыдан байқағанымыз, бір жыл ішінде жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы 10 млрд теңгеге көбейді.

– Өскеменде Сәтпаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғастырылды. Алматы тасжолына шығатын Жібек Жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту аяқталады, – деді Ерлан Келсінғазыұлы.

Мұның алдында шенеуніктер Шемонаиха қаласындағы «Уба» өзені арқылы өтетін көпірдің апатты жағдайда екенін айтқан болатын. Бұл жолы жауапты тұлғалар қайта жаңарту бойынша жобаны әзірлеу басталғанын алға тартты.

– Анықтама үшін мына жағдайды айта кетейік. Аталған көпір 1962 жылы салынған. Ұзындығы 227 метр, 6 аралығы бар, көпір тіректерінде жол берілмейтін қираулар бар. Көліктің жалпы салмағы бойынша 23 тоннадан аспайтын шектеу енгізілді, кері қозғалыс ұйымдастырылды. ЖСҚ әзірлеуге 194 млн. теңге бөлінді, жобалаушы «ТЕКА-Проект» ЖШС, – деді Ерлан Уәлиев.

Жоспарға сәйкес, биыл өңірде 600 шақырым жол жөнделуі тиіс. Ішінде көше жолдары да бар. Мәлім болғандай, облыстық маңызы бар жолдарда 15 нысан іске асырылып жатыр: алтауы – ауыспалы, тоғызы – жаңа нысан. Бүгінде 45 шақырым жөнделіпті. Олар:

  • «Шілікті – Зайсан» (0-12) автомобиль жолының 12 шақырымы,

  • «Ақжар – Омбы – Майқапшағай» (106-124 км) жолының 18 шақырымы,

  • «Үлкен Нарын – Күршім» (23-38 км) жолының 15 шақырымы.

Осы сияқты 100 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ:

  • «Өскемен – Тарғын - Самар» жолының 12 шақырымы (133-145 км),

  • «Шілікті – Ақжар» жолының 30 шақырымы (78-93, 93-108 км),

  • «Күршім – Қалжыр – Бурабай» жолының 15 шақырымы,

  • «Октябрь өткелі – Алтайка – Новохайрузовка» жолының 27 шақырымы (км 10-25, 25-36,4),

  • «Новотроицкое ауылына кіреберіс» жолының (км 6-22) 16 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды.

Сапаға кім жауапты?

Құрылыс материалдарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК өкілі (бұдан әрі-Ұлттық сапа орталығы) бақыламақ. Басқарма өкілдері аудандар мен қалаларға қатысты атқарылып жатқан жұмыс бойынша аз-кем мәлімет ұсынды. Айталық:

  • Өскемен қаласы әкімдігімен 35 шақырым жол жөндеу бойынша 38 жоба (6 Шарт) іске асырылуда, 12 км жөнделді;

  • Самар ауданында 9 млн. теңге сомаға шарт бар. 9 жоба іске асырылуда;

  • Зайсан ауданында 26 км жөндеу бойынша 5 жоба жүзеге асырылуда, оның 2 км жөнделді;

  • Алтай ауданы 14 км жөндеу бойынша 8 жобаны іске асыруда, 4 шақырымы жөнделді;

  • Тарбағатай ауданындағы 12 жоба бойынша 54 шақырым жөнделіп жатыр;

  • Катонқарағай ауданында 23 км жөндеу бойынша 7 жоба іске асырылуда;

  • Күршім ауданында 10 шақырым жөндеу бойынша 9 жоба іске асырылуда;

  • Глубокое ауданында 28 шақырым жөндеу бойынша 11 жоба анықталған, 3 жоба бойынша жөндеу басталды, қалған жобалар бойынша конкурс қорытындылары күтілуде;

  • Шемонаиха ауданында 28 шақырым жөндеу бойынша 10 жоба анықталды, конкурс қорытындылары күтілуде;

  • Ұлан ауданында 32 шақырым жөндеу бойынша 10 жоба анықталды, конкурс қорытындылары күтілуде;

  • Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында әрқайсысына 3 жобадан анықталған, конкурс нәтижелері күтілуде.

Биылға облыс жолдарын күтіп ұстауға 6,2 млрд теңге бөлінді. «ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Қасеновтің ақпаратынша, облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау шеңберінде 160 мың м2 шұңқырларды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта 130 мың м2 көлемінде орындалды.

Жолға қыруар қаржы бөлінді деп атқамінерлер өздері айтты. Соған сәйкес жұмыс сапасын кім қадағалайды деген сауал туындайды. Алмас Қасенов те, Ерлан Уәлиев те қоғам белсенділері, Антикор өкілдері және тағы бірнеше ұйым істің кезең-кезеңімен жалғасу сәтін тексере алатындығын жеткізді. Жауапты тұлғалар жөндеу жұмыстары біткен соң ауыр жүк көліктері жағдайды қайта ушықтырып кететінін жасырмады.

– Көлік Министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар жолдарда жүк көліктерінің салмағын өлшеудің автоматты жүйесін орнату мәселесі пысықталуда, – деді Алмас Еркінұлы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ