ШҚО-да ЖШС-ны қалай жабуға болады?

830
көрілім

Бұл үшін алдымен еgov.kz арқылы порталға кіріп, оның «Бизнеске», «Бизнесті тіркеу және дамыту», «Бизнесті тіркеу және жою» тармақтарына өтіп, «Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» қызметіне онлайн тапсырыс беру қажет, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары портал талап екен деректерді толтырып, қажетті құжаттарды тіркеп, ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қоюға кеңес береді.

Есіңізде болсын

Порталға жүктелетін құжаттардың скан көшірмелерін алдын ала дайындап алуды ұмытпаңыз.

Бұл қызметті жүзеге асыру үшін порталға ЖШС басшысының ЭЦҚ-сымен кіру керек.

ХҚКО арқылы жүзеге асыру үшін:

Ең алдымен ХҚКО-ға кезекті онлайн брондаңыз. Бронды растау үшін ХҚО-ға 20 минутқа ерте келіңіз.

ХҚКО операторы арқылы заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеуге өтініш беріңіз.

Қажетті құжаттар тізімі (портал үшін де, ХҚКО үшін де)

меншік иесінің немесе құрылтайшылар жиналысының мөрімен бекітілген шешімі;

ЖШС таратылатындығы туралы жарияланған хабарлама бар газет көшірмесі;

ЖШС-ның мөрін жойған ұйымның анықтамасы;

Акцияларды шығарудың күшін жою туралы Ұлттық Банктің хабарламасы (акционерлік қоғамдар үшін);

Филиал және өкілдікті есептен шығарған жағдайда филиал туралы өтініш және ереже;

Қызмет құны төленгені жайлы түбіртек.

Қызмет құны:

Ірі бизнес субъектілері үшін - 18382 тг;

Шағын және орта бизнес субъектілері үшін – тегін.

Қызмет көрсету уақыты портал арқылы да, ХҚКО арқылы да 5 жұмыс күнін құрайды, – дейді ХҚКО-дағылар.

Ескерту!

Бұл қызметке өтініш қалдыру ЖШС-ны тарату этаптарының ең соңғысы болып табылады.

ҚҚС бойынша тіркелмеген, белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін арнайы режимді қолданбайтын, бұрын қайта ұйымдастырылмаған, салықтық тексеру жоспарына енгізілмеген ЖШС-лар жеңілдетілген тарату жолын пайдалануға мүмкіндік бар. Олар құжаттарды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер басқармасының бақылау үстелінен өткізумен шектеле алады.