Бұл туралы ШҚО Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай онлайн тәртіпте жауапты тұлғалар жиын өткізіп, өткен жылды қорытындылады. Негізгі ой екпіні еңбек саласында жұмысшылардың жарақат алу көрсеткіші, қайғылы жайттардың орын алуы, еңбекке қабілетті адамдардың шипажайларға жіберілуі сынды жайттарға түсті.
– Кез келген саладағы жұмыс барысын алып қарасақ, жарақат алу жағдайларының азаюы байқалады. Бұған жұмыс берушілер тарапының да сауатты жұмыс істеп, тиісті іс-шараларды орынды жүргізе білулері де себепші. Қала көлемінде «Қазцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «Өскемен жылу жүйелері» сынды зауыттар мен мекемелерді айта кетуге болады. Жұмысшылардың қауіпсіздігі ұдайы бақылауда тұруы тиіс, себебі қарбалас тірліктегі қозғаушы күштер де солар. Алда коронавирустың үшінші толқыны деп қауіп дабылы қағылып жатқанына сәйкес вакцинация да уақтылы салынуы тиіс, – деді «ШҚО кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов
Дегенмен ШҚО Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жарақат алу жайттарының әлі де болса жиілеп тұрғанын сөз етті, Айтуынша, бұл ретте көрсетіш өткен жылмен салыстырғанда тек 1,5 пайызға ғана төмендеген. Ал жарақаттанудың ең жиі тіркелетін тұсы – тау-кен саласы.
– Қазіргі індетке байланысты жұмыс берушілер мен кәсіпорын, зауыт басшылығы жағдайды бақылауда ұстау үшін не нәрсеге көңіл бөлу қажеттігін жіті түйсінгендей. Осы тұрғыда ең алғаш Ақтөбе облысында ең алғаш жұмысын бастаған «Халықты бақылау» айдарын айта кетуге болады. Осыған сәйкес өткен жылы 18 кәсіпорын еңбекке қабылдауға аттестациялауды өткізді. Негізгі мақсат – жарақат алуды төмендетуге бағытталған, – деді жауапты тұлға.
ҮМЗ (Үлбі металлургиялық зауыты) кәсіподақ комитетінің төрағасы Алексей Феоктистов жұмысшылар құқығының үнемі ескерілуі тиіс екендігіне тоқталды. Оның сөзінше, кәсіподақтың негізгі мақсаттарының бірі – жұмысқа орналасқан барша жұмысшылардың еңбек жағдайында жарақат алу сәттеріне тікелей араласып, тиісті шаралар қолданылуын бақылауда ұстау. Одан бөлек, денсаулыққа қауіптілік деңгейіне қарай олардың шипажайларға уақтылы жіберілуі, жұмыс уақыты нормасының қатаң сақталуы, жалақының уақтылы төленуі сынды жайттар әркез бақылауда.
Сөз соңында Темірбек Қасымжанов Дүниежүзілік Еңбекті қорғау күні қарсаңында марапатқа ие болған азаматтардың есімін атап, құттықтауын жеткізді.