Бұл туралы ақпаратты облыстық Полиция департаментінің өкілдері жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғалардың айтуларынша, қазіргі алаяқтардың қулығына құрық бойламайды. Жердің алыстығына қарамай, тұрғындарды жиі алдайды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы интернет-алаяқтықтың 900-ден астам фактісі тіркелді.
- Құқық бұзушылық үнемі болып жатса да, адамдар әлі де сенгіш. Әккілер көбінде орта жастан асқан және егде тартқан адамдарды алдап соғады. Аудан жұртына да маза жоқ. Қазір осындай қылмыстың екі түрі көп тіркелуде. Біріншісі, сізге қандай да бір банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі болып хабарласады. Егер ол айтқан қосымшаларды жүктесеңіз, онда алаяқтар қашықтан отырып, ақшаңызды иемденуге мүмкіндік алады. Екіншісі, смс код арқылы сіздің WhatsApp-ыңызды бұзады. Осының алдын алу үшін 1-20 ақпан аралығында “Тоқта! Алаяқ” жедел алдын алу шарасы өтуде, - деді ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Нұрай Арыстанбек.
Жалпы, жыл басталғалы осындай қылмыстың 50-ге тарта фактісі тіркелді.