ШҚО-да жыл басталғалы 52 гектардан астам аумақ өртенген

133
көрілім
Фотосуреттер: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде жоғары өрт қауіпі кезеңі туралы өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Кеңес барысында өрт сөндіру бекеттерін құру, оларды жарақтандыру мен өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу мәселелері қарастырылды. Қазір өңірдегі құрғақ және ыстық ауа райына байланысты жоғары өрт қаупі сақталуда. Өрттің алдын алу мақсатында 946 рейд жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, облыста жалпы ауданы 0,3 гектар болатын 8 орман өрті тіркелген. Ал далалы жерде 16 жану оқиғасы анықталды. Өрт аумағы 52,4 гектарды құрады. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында 52 мобильді топ жұмыс істейді. Бұған дейін 40-тан астам тәртіп бұзушы анықталып, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

                                                                                                                                   
Қазіргі таңда ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде 1300-ден астам жеке құрам мен 240 техника, тікелей өрт ошағын тексеретін және өрттің көлемін анықтайтын 9 ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты бар. Аймақта дала өртін бақылауға және сөндіруге 5 ұшақ жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдар құрамында 114 бригада, 935 адам, 28 өрт сөндіру және 145 бейімделген техникасы бар 4 ӨСБ құрылды. Сондай-ақ 46 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.