Соңғы уақытта жол бойында желдей жүйткіп, көліктердің арасына еркін енетін мотокөліктер көбейген. Бағасы қолжетімді, алысты жақындатып, діттеген жеріңе дереу алып барады. Нәпақа табуыңа да қолқабыс ететін техниканың бұл түрі жыл санап артпаса, кеміген емес. Елге белгілі мотоцикл, мопедтен бөлек скутер, электросамокат, трицикл, гидроцикл, қаршана сияқты түрлері тағы бар.
Апаттың алдын алуға бола ма?
Қарапайым автокөліктен өзге қос дөңгелекті қолайлы техниканың пайда болуы адам өміріне оң өзгеріс енгізгені рас. Осы көліктерді тізгіндегендердің басым бөлігі күнкөріс қамымымен жүрген – тапсырыс жеткізушілер. Дегенмен соңғы кездері өңірде мотокөлік жүргізушілерінің қатысуымен құқық бұзушылық фактілері артып, жол-көлік оқиғалары жиіледі.
Облыстық полиция департаменті өкілдерінің дерегінше, аймақта түрлі санаттағы мототехниканың 6993 түрі бар. Жыл басталғалы өңірде 11 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сорақысы сол, соның салдарынан 3 адам көз жұмып, 8 жүргізуші түрлі дәрежедегі ауыр жарақат алған. Ал Өскемен қаласы аумағында жыл басталғалы мототехниканың қатысуымен барлығы 30-дан астам жол көлік оқиғалары болды.
– Нәтижесінде 2 адам көз жұмып, 40-қа жуық адам жарақат алған. Осындай апаттардың алдын алу үшін профилактикалық шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, тұрғындар мен жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылуда, – дейді қалалық полиция департаментінің мамандары.
Күні кеше тәртіп сақшылары облыс аумағында «Мотоцикл» жедел-алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, құқық бұзушылық фактілерін анықтады. Полицейлер 190-нан астам мототехника тізгіндегендерді тексере келе бір күнде 70 тәртіп бұзушылықты тіркеді. Олардың арасында 10 жүргізуші мотошлемсіз, 2 адам мас күйінде, 10-ы жүргізуші куәлігінсіз, 13 адам маневр жасау ережелерін бұзған. «Бұл көліктердің барлығы айып тұрағына қойылды, ал жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ШҚО ПД өкілдері.
Департамент ұсынған дерек
ҚР ІІМ ресми дерегінше, жыл басталғалы республика аумағында кәмелет жасына толмаған 154 мопед жүргізушісі жол апатына түскен. 180 жасөспірім түрлі жарақат алып, 10 адам ажал құшты. Шығыста мопед мінген жеткіншектер туралы ресми мәлімет жоқ. Дегенмен, жүргізуші куәлігінсіз жолда жүргендер арасында кәмелетке толмағандардың да кездесетіні өтірік емес.
– Заңға сәйкес, кез-келген мототехниканы басқару үшін «А» санатты жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Ішкі жану қозғалтқышының жұмыс көлемі жүз жиырма бес текше сантиметрден аспайтын және қуаты он бір киловаттан көп емес, жоғары құрылымдық жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мототехниканың кез-келген түрін басқару үшін «А1» кіші санатының болуы жеткілікті. Жоғарыда аталған санаттардағы көлік құралдарын басқару құқығын алуға «А» санаты үшін ең төменгі жас – 18 жас. Ал «А1» кіші санаты үшін 16 жастан басталады, – делінген облыстық полиция департаметінің ресми дерегінде.
Еске салайық, өткен айда Өскемендегі Сатпаев көшесінде мотоцикл жүргізушісі қайғылы оқиғаға тап болып, жол үстінде жан тәсілім еткен еді. Апатқа ұшыраған жас жігіт туралы бейнежазбалар сол күні-ақ желіде желдей ескен-ді.
– Дәл осындай жеңіл техникалардың қатысумен болатын жол апаттары күн санап көбеюде. Мотоцикл жүргізушілері неге үнемі асығыс жүреді? Заң бәріне ортақ. Соның салдарынан жолдағы өзге көліктерге де кесірі тиеді. Автокөліктер мен автобустар арасынан көрінер-көрінбестен, аса қатты жылдамдықпен жүйткіп өтетін мотокөліктер көп. Олар тізгіндеген көліктің өздеріне де, жолда кетіп бара жатқан адамдардың өміріне де қауіпті екенін білуі тиіс. Жас ерекшеліктеріне қарамастан қатаң шектеулер енгізіп, үнемі заң жүзінде қадағалануы қажет. Қазір жолда келе жатсақ, біреу тосыннан келіп қағып кете ме деп алаңдаумен жүреміз, – дейді қала тұрғыны Серік Келмембет.
P/S: Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары жол тәртібін бұзған мототехника жүрзгізушілері туралы ақпаратты жарыса жазуда. Құзырлы департамент те тиісті шараларды қолданып әлек. Бар үміт қос дөңегелектіні тізгіндеген жүргізушілерде. Жол үстіндегі апаттар сейілсін десек, тәртіпке бағынып, жылдамдықтан бұрын жауапкершілікті ойлаған абзал. Не де болса, кәмелетке толмағандар скутер, мопед, мотоцикл сияқты көлік түрлеріне мінгенде қырағылықты желкен еткендері жөн.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ