Шығыс Қазақстан облысында қызылша жұқтырғандар саны артып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қаңтар айының басынан 59 адам қызылша жұқтырды. Оның ішіндегі 32-сі ересек, 25-і 14 жасқа дейінгі бала, 2-сі жасөспірім.
«Сырқаттанғандардың 30,5 пайызы екпе алмаған және вакцинация туралы мәліметтері жоқ адамдар. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №7 қаулысына сәйкес, өткен жылдың 6 қарашасынан қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Жалпы облыста 6 айдан 11 айға дейінгі 6960 бала екпе алуға жатады. Осы күнге дейін олардың 44% пайызына екпе салынды», - делінген ақпаратта.
Ал 2-4 жастағы екпе алуға жататын бала саны – 24700. Бүгінде олардың 73,4% пайызы вакцина салдырған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы