Шығыс Қазақстан облысында биыл 6400-ден астам адам медициналық оңалтудан өтті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 6400-ден астам науқас оңалтудан өткен. Осы мақсатта 1,4 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
«Қызметтердің басым бөлігі ересектерге арналған травматологиялық оңалту емі мен медициналық оңалту бойынша көрсетілді, нақты айтқанда 1600-ге жуық пациент. Екінші орында неврологияға қатысты оңалту - 1220 адам», - дейді филиал басшысы Нұрлан Кідірбаев.
Сондай-ақ биыл шығысқазақстандықтар тар шеңберлі мамандардан 1,1 млн-нан астам рет кеңес алған.
«Стационарлық көмек көрсету мониторингінің қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстандағы медициналық ұйымдарда МӘМС есебінен 26 727 ота жасалды. Оның 260-ы жоғары технологиялық медициналық ота. Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста 1 144 330 зертханалық зерттеу, 501 054 аспаптық диагностика жүргізілген», - дейді Нұрлан Кідірбаев.